Қоғам тарихындағы секуляризация үдерісінің алғышарттары
Аннотация
Мақалада діни сенімге негіз болған түсініктер мен ұғымдардың шығу тектері, діни дүниетанымның адамзат қоғамының дамуының бастапқы кезеңдеріндегі мәртебесінің жоғары тұруының, қоғамдық қатынастардың күрделенуінің нәтижесінде дінге қарама-қарсы басқа дүниетанымдардың қалыптасу тарихы мен діннің рөлінің біртіндеп төмендеуінің себептері талданады. Қоғам тарихының даму деңгейінің алғашқы кезеңдерінде діннің реттеушілік қызметі алғашқы орында тұрды, дін әлеуметтік институт ретінде көпшілікке ортақ құқық, заңның орындалуының негізгі кепілі болды. Дін жеке тұлғаның өмірлік қажеттіліктерін қанағаттандырушы, қоғам интеграциясына себепкер болған және күнделікті өмір салтын қалыпты жағдайда ұстап тұрған дүниетаным ретінде көрініс тапты. Діндегі салттар мен ғұрыптар адамның өз өмірін реттеуі мен адамгершілік қалпын сақтап қалу, қоршаған әлеуметтік ортаға икемделу үшін міндетті шарт бола бастады. Адамның күнделікті жүріс-тұрысын реттеу мен мінезінің қалыпқа сай болуы үшін бұлжымай орындалуы тиіс тыйымдар мен догмалар қалыптасты. Мақалада секуляризация үдерісі алғаш дүниеге келген Еуропада ортағасырлық діни дүниетанымның орнын ғылыми дүниетанымның басуына себепкер болған алғышарт ретінде грек философиясының таралуы мен оның христиан дінімен байланысқа түсуі қарастырылады. Бұл үрдіс Қайта өрлеу, Жаңа заман және Реформация кезеңіндегі әлеуметтік әрекеттердің рационалдануы, сенімнің орнына ақыл-ой мен эмпирикалық мәліметтерге сүйенген зерттеулердің келуіне тікелей себепкер болғандығын көрсетеді.
Түйін сөздер: дін, секуляризация, рационализм, сенім, деизм, пантеизм.