Ислам шариғатында бұрынғы діндердің үкімдері
Аннотация
Мұсылман ғалымдары Құран мен хадистерге сүйене отырып, діндердің бəрінің бір Аллаһ тарапынан жіберілгендігін ескеріп, діндердің бəрін біртұтастық шеңберінде қарастырған əрі алдыңғы пайғамбарлардың бəріне сенудің иман негіздеріне жататындығын ерекше атап өткен. Мұсылмандардағы «Бір дін, бірақ бөлек шариғат» түсінігі де – Құранға сүйене отырып жасалған тұжырым. Мұсылман ғалымдары дінді «усул» (негізгі), ал шариғатты əр пайғамбардың өз кезеңінде осы негізге сүйене отырып жүзеге асырылу пішіні деп пайымдаған. Осы ұстанымды негізге алған мұсылман ғалымдары алдыңғы илəһи діндерге де мəн бере отырып, киелі кітаптарды зерттеуге айрықша назар аударып, салыстырмалы зерттеулер жүргізген. Бұрынғы діндердің үкімдерін зерттеу олардың ортақ тұстары мен айырмашылықтарын анықтауда маңызды рөл ойнаған. Әрине мұсылман шариғатында исламнан бұрынғы діндердің үкімдерін жетекшілікке алып-алмауға қатысты ғалымдардың пікірлері біркелкі емес. Оны қабылдаушылармен қатар, дəлелге санамайтын ғалымдардың да өзіндік ғылыми уəждері бар. Қорытындылай келе, мұсылман ғалымдарының бұл тақырыпты талқылауы өз кезегінде діндер тарихына ислам дінінің көзқарасы мен ұстанымдарын айқындау тұрғысынан ғылыми мəнге ие екендігін айтуға негіз бар. Түйін сөздер: Ислам құқығы, құқық əдіснамасы, бұрынғы шариғаттар, діни дəлелдер, таухид