Жетінші күн адвентистік шіркеуі тарихындағы доктриналық тартыстар
Аннотация
Қазақстандағы діни жағдай көп дінділікпен жəне орнықтылығымен ерекшеленеді. Бұл құбылыстың орын алуы ғалымдардың ортақ пікірі бойынша 1990 жылдан басталды. Еліміздегі əлеуметтікэкономикалық өзгерістерді түсіндіретін, соның ішінде адамдардың рухани сұраныстарына жауап беретін идеологиялық бағыт болмады. Қазақстанға келіп өз діндерін уағыздаушы діни ағымдардың саны 2000-жылдары 4500-ға жуық болды. Бұл жағдай екі бағытта бағаланды: бірінші бағыт – Қазақстан демократия мен толеранттылық саясаттың үлгісін көрсетуде десе, екінші бағыт бұл үрдістен мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне төнген қатерді көріп, оның алдын алу жолдарын ұсынды. Әсіресе көпшілікті елімізде жүргізіліп жатқан евагелизациялау саясаты қатты алаңдатты. Бұл жайлы БАҚ беттерінде көп жазылып, мəселені шешу мемлекет тарапынан қолға алынды. 2011 жылы «Діни қызмет жəне діни бірлестіктер туралы» жаңа заң қабылданды. Барлық діни бірлестіктер қайта тіркеуден өтіп, евагелизациялау қызметімен айналысатын неопротестанттық ағымдардың біразының саны 1,5-2 есе қысқарды. Сол ағымдардың ішіндегі белсенділерінің бірі болып есептелетін Жетінші күн адвентистерінің діни бірлестіктерінің саны 2011 жылы 67 болса, қайта тіркеуден 42 бірлестік қана өткен. Бұл жағдайды қалай түсіндіруге болады? Діни сенім бостандығына жəне миссионерлік қызметтің барлық түріне мүмкіншілік жасалып, демократияның үлгісін көрсетіп отырған мемлекет діни бірлестіктерге қатысты осындай іс-шараны жүргізуге неге мəжбүр болды? Жауап біреу – бұл дінді жамылып, елдегі дəстүрлі дүниетанымға қарсы, мемлекеттің бірегейлігіне қауіп төндіретін керітартпа идеологияны таратушы топтардың əрекетіне тиым салудың дұрыс жолы деп таңдалды. Мақалада қарастырылған Жетінші күн адвентистерінің діни ілімінде де дəстүрлі христиандық дүниетанымға қайшы идея уағыздалады. Авторлар адвентизм ілімінің пайда болуы мен қалыптасуы ХІХ жəне ХХ ғасырларда пайда болған жаңа діни ағымдарға тəн: əртүрлі көшбасшының өзіне ерекше аян беруін жариялауы жəне сенім мəселесіне қатысты таусылмайтын тартыстардың тарихы деген түйін жасайды. Түйін сөздер: Ізгі хабар, қауым, пайғамбарлық, ақырзаман, жергілікті шіркеу, жергілікті конференция, униялық конференция.