Секуляризация мен зайырлық ұғымдарының арақатынасы
Аннотация
Мақалада зайырлылық феномені мен секуляризация үдерісі және олардың адамзат тарихындағы рөлі қарастырылады. Біз білетініміздей, секуляризация дегеніміз діннің адам санасы мен қоғамдық өмірдегі рөлінің төмендеуі, діни дәстүрлер арқылы реттелетін қоғамнан рационалды нормалар негізіндегі қоғамдық құрылымының зайырлылық моделіне ауысуы. Мемлекеттің діннің рөлі мен ықпалының азаюына бағытталған саясаты. Секуляризациямен байланыстырылатын батысеуропалық қоғам өміріндегі кең ауқымды мәдени өзгерістер Ағартушылық кезеңінің ойшылдарының идеяларының дамуының негізінде басталды. Секуляризация термині рационализация үдерісін, қоғамдық сананың шіркеулік ықпалдан бостандық алуын, зайырлы қоғам моделінің құрылуын, өнер, ғылым, саясат және тағы басқа салалардың автономдылығын білдірді. Бұл шіркеудің мемлекеттен, мектептердің шіркеуден бөлінуінен көрініс тапты
Мақалада келтірілген талдау зайырлы мемлекетте барлығы діни нормалардың орнына азаматтық нормалардың негізінде реттелетінін көрсетеді. Сонымен қатар, зайырлылық дегеніміз діни ұстанымдармен қарама-қайшы келмейді, керісінше ондай құбылыстан аулақ болады. Зайырлы қоғамда халық арасындағы діндар тұлғалар үшін жайлы жағдай жасау үшін діни мейрамдар кезінде демалыс жариялау әбден қалыпты жағдай. Зайырлы мемлекетте әр адамның діни инстиуттардан тәуелсіз өмір сүруіне мүмкіндік бар. Біздің еліміздегі орын алып отырған жағдайға қарап, зайырлы мемлекетте барлық конфессиялардың өкілдері заң алдында бірдей екенін көреміз.
Түйін сөздер: секуляризация, зайырлылық, дін, мемлекет, сакральдылық