Матуридилік ілімдегі жаратушы және оның атрибуттары мәселесі
Аннотация
Ислам теологиясында құдайдың бар және бір екендігі басты тақырыптардың бірі болып табылады. Құран мен пайғамбардың хадистерінде Алланың бар және бір екендігіне ерекше екпін беріліп, оның өзіне тән ұлы есімдерімен ұлықтау ұсынылады. Өйткені ол – әлемдегі жанды, жансыз болмыстардың жаратушысы, екі дүниенің қожайыны, адам санасынан жоғары ұлы болмыс. Сунниттік теологияның биік белестерінің бірін бағындырған Әбу Мансур әл-Матуриди өзінің «Китабу-т-таухид» атты теологиялық шығармасында Құран мен хадистердің желісімен Алланың есімдеріне, сипаттарына және құдай түсінігіне қатысты құнды ойларын ортаға тастады. Ойшыл өзінің ортаға қойған көзқарастарының ақиқаттығын дәлелдеуде діни дереккөздерге рационалдық тұрғыда тұжырымдар жасады және өзіне дейінгі немесе өзі өмір сүріп жатқан замандағы басқа теологиялық мектептер мен ойшылдардың пікірлеріне де еңбегінде орын беріп, олардың қате тұстарын анықтауға тырысты. Әл-Матуриди құдай туралы ілімінде оның бар және бір екендігіне ислам философиясы мен теологиясында худус, низам, таману, тауаруд т.б. деген атпен танымал дәлелдерді келтіреді. Сонымен қатар өзінің жолбасшысы Әбу Ханифаның іліміне сәйкес құдайлық сипаттарға да тоқталған. Әл-Матуридидің ілімі бойынша ұлы жаратушының сипаттары абсолютті, оған тән сипаттар жаратылған болмыстарға мүлдем ұқсамайды. Имам Матуридидің құдай, әлем, адам және олардың арақатынасы, пайғамбарлық о дүние және басқа да теологиялық тақырыптар төңірегіндегі көзқарастары матуридилік ілімі мен теологиясының қалыптасуына ұйытқы болды.
Түйін сөздер: әл-Матуриди, Алла, сипат, калам, такуин, азали, қадим, мутазила, жахмия, жаухар, араз, мушаббиха.