Виртуал реалдықтың философия тарихындағы концептуализациясы: әлем-виртуал талдауға кіріспе
DOI:
https://doi.org/10.26577/jpcp.2023.v.86.i4.01Аннотация
Мақалада философия мен виртуал реалдықты зерттеу саласының ұлғаюдағы алаңы арасындағы түйісу нүктелерін іздеу контексіндегі «виртуалдық» ұғымын интерпретациялау қарастырылады. Сондай-ақ ізденісте виртуалдықты «Reality+», яғни «нақты» реалдық немесе нақты реалдықтар деп анықтаған виртуал реалдықтың заманауи танымал зерттеушілерінің бірі Дэвид Чалмерстің тезисін сүйене отырып, философия тарихына қысқаша шолу негізінде аталған ұғымды концептуалдау міндеті де қойылған. Заманауи ақпараттық технологиялардың дамуы «виртуал реалдық» феноменін кез келген репрезентатив технологияның атрибутиві етеді. Заманауи мәдениет аясында ХХ ғасырдың 80-жылдары Жерон Ланьенің жасанды түрде жасалған ортада болуды сапалы түрде имитациялайтын технологияларды белгілеу үшін қолданған «virtual reality» термині кибермәдениет идеясын тудырып, компьютерлермен байланыстырыла бастады. Пәнаралық контексінің осындай молдығына қарамастан виртуал реалдықты релятивтендірілген сенімділік ұғымы қолданылатын белгі жүйесі ретінде зерттеу өзектілігі шүбә туғызбайды. Осы тұрғыдан бұл зерттеуде виртуалдық адамның нақты мақсаттарымен анықталатын сана қызметінің специфик формасы не аспектісі тұрпатында қарастырылады. Адамның осы іс-әрекетін өрістету нәтижесінде ситуацияның барысы мен аяғы ендігі жерде табиғи шектеулермен анықталмайтындығы, технологиялық ситуация адамның бақылауын жүзеге асыруды талап ететіндігі айқындалады. Осы контексте виртуал әлемдердің реалдығының өлшемін онтологиялық концепцияларға жүгіну арқылы анықтауға болады. Мақалада реалдық, болмыстың деңгейлері мен формалары және т.б. секілді іргелі онтологиялық категориялардың әлеуметтік тұрғыдан құрылымданатындығын ұғыну негізінде қазіргі ақпараттық қоғам аясында материалдықтан репрезентатив технологияларға көшудің онтологиялық идеяларымыз үшін маңызды салдары бар екені көрсетілген.
Кілт сөздер: виртуал реалдық, онтология, сана философиясы, ақпараттық технологиялар, болмыс, түсінік.