Астана мешіттері: жаңа қоғамдық кеңістіктерді құрудың стратегиялары мен тәжірибелері
DOI:
https://doi.org/10.26577/jpcp.2023.v.83.i1.7Аннотация
Мақалада Астана қаласындағы мешіттер құрылысының мысалдары негізінде жаңа қоғамдық кеңістіктіктердің қалыптасу тәжірибелері аясында исламның мәдени естелік үшін маңыздылығы қалай көрініс табатыны туралы дискурс келтірілген. Астана қаласындағы мешіттер санының өсімі жалпықазақстандық үрдіспен салыстырмалы түрде қарағанда жоғары болмаса да, әрбір жаңа мешіт өз алдына ерекше кейс ретінде қалыптасуда. Олардың қалыптасуында дінтанулық сұрақтардан басқа мәдени жады саласындағы мемлекеттік саясаттың ықпалы; мешіттерге артылған инфрақұрылымдық, символикалық және эмоционалдық жүктеменің күшеюі; мешіттер кеңістігіндегі партисипация рөлінің артуы байқақалады. Астанада әр оңжылдықта көлемі жағынан бірінен бірі үлкен мешіттер бой көтеруімен қатар, олардың инфрақұрылымдық тұрғыдан қалалық кеңістіктер мен орындарға бекіту үрдістері байқалуда.
Мақалада жаңа мешіттердің пайда болуына ықпал ететін акторларға қатысты сұрақтар қарастырылады. Мәселен, Астана қаласында «мешіттер дипломатиясы» стратегиясының мысалы ретінде шетелдік инвестор қаражатына салынған «Нұр-Астана» мешітін атауға болады, сондай-ақ қаладағы кейбір мешіттер, оның ішінде сәулет шешімдері бойынша бірегей ғимараттардың жобалары саяси элита мен жергілікті қоғамдастықтар өкілдерінің тапсырысы негізінде жүзеге асырылып отыр.
Зерттеу барысында қолданылған инфрақұрылымдық тәсіл қалалағы мешіттердің топографиясындағы маңызды аспектілерді, маңызды қоғамдық кеңістіктер ретінде мешіттердің нығаюы мен дамуына тікелей әсер ететін мемлекеттік билік, меценаттар, мұсылман дінбасылары және басқа да мүдделі тараптардың қатынастарының ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, соңғы онжылдықта мешіттер жанынан ислам мәдениеті мұражайларын ашу тәжірибелері күшейгеніне назар аударылып, аталған үрдістің бұқаралық санадағы мешіттің қалыптасып қалған үйреншікті бейнесі өзгеруіне және мәдени жады инфрақұрылымының маңызды объектісі ретінде қабылдануына әсері қарастырылды.
Түйін сөздер: инфрақұрылымдық тәсіл, естелік инфрақұрылымы, мәдени ландшафт, мешіт, қоғамдық кеңістік, Астана, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы.