Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы трансұлттық этникалық бірегейленудің үлгісі ретінде
DOI:
https://doi.org/10.26577/jpcp.2022.v81.i3.07Аннотация
Қазіргі әлемде жаһандану үдерістерінің күшеюі, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастардың тереңдеуі, мемлекетаралық шекаралардың ашықтығы, репатриациялық саясаттың жүзеге асырылуы, заманауи жаңа ақпараттық технологиялардың пайда болуы халықаралық көші-қон үдерістерінің қарқынды жүруіне және трансұлттық этникалық бірегейленуге ықпал етті. Диаспораның өзін-өзі анықтау мәселесі трансұлттық болып табылады, өйткені диаспора мен тарихи отан арасындағы байланыстар әртүрлі ұлттық-аумақтық және мемлекеттер арасындағы қатынастарды қамтиды. Осының нәтижесінде шетелдік диаспораларды тарихи отанымен байланыстыратын желілер құрылуда, трансұлттық ұйымдар мен бірлестіктер құрылып, халықаралық деңгейде қызмет ететін саяси акторлар туындауда. Осындай саяси процестің жарқын мысалдарының бірі Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылуы мен қызмет етуі болып табылады.
Мақалада этникалық бірегейліктің трансұлттық деңгейде жүру ерекшеліктері, әлемдік тәжірибесі мен қазақстандық үлгісі талданып жаһандану жағдайындағы ұлттық-мәдени сәйкестікті қалыптастыру және сақтау мәселесі этносаяси тұжырымдамалар тұрғысынан қарастырылады. Әлем елдерінде шашырай қоныстанған бес миллионнан астам қазақ диаспорасы Қазақстанды дамытуға үлес қоса алатын әлеуетті күш, шетелдік қазақтармен рухани-мәдени қарым-қатынас жасаудан бастап экономикалық ынтымақтастық орнатуға дейінгі аралықтағы өзекті мәселелері көтеріледі, осы бағыттағы жұмыстарды дамытуға септігін тигізетін ұсыныстар беріледі.
Кілт сөздер: көші-қон саясаты, ұлт саясаты, диаспора, ирридента, ынтымақтастық, тарихи отан, репатриация, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, қандастар.