Ақтөбе өңіріндегі сал-серілік дәстүр (Сары Батақұлының шығармашылық-өмірбаяны турасында)
DOI:
https://doi.org/10.26577/jpcp.2020.v73.i3.04Аннотация
Қазақтың әдеби-мәдени тарихына елеулі үлес қосып кеткен өнерпаздардың ішіндегі елеулілері
сал-серілер десек қателеспеспіз. XX ғасырдың басында алаш зиялылары ортасы әр жерде бой
көтеріп, шоғырлана түсті. Осынау алаш зиялыларының ықпалы қазақтың саяси-әлеуметтік
жағдайына, мәдениетіне екпінді өзгеріс әкелді. Сол қозғалысқа айдалада жүріп ықпал еткен кейбір
адамдардың есімі осы уақытқа дейін аталмайды-ақ. Олардың әрекеттерінің негізі – отаршылдыққа
қарсы наразылық еді. Шынында, қай салада болмасын өзінің ерендігін таныта білген, қазақ
өнерінің, ұлт-азаттық қозғалысының, қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары даланың жазылмаған
заңдарын ұстанып, ірі-ірі істерге басын байлаған. Солардың бір бөлігі өнерпаздар. Яғни, сал-
серілер. «Сал-серілерде ақындықпен қатар әнші, күйшілік, композиторлық, би, спорт өнерлері де»
(Е. Исмайылов) және саяткерлік, ат құмарлық сияқты қасиеттері жоғары болған. Жалпы
қазақтың халық әнші-композиторларының дені серілік, салдық қасиеттен құр алақан болмаған.
Көшпенді жұртының көңілін сазбен аулап, дала сахнасы – көпшілік жиылған жәрмеңкелерде
алуан түрлі өнерлерімен қауымды қызыққа бөлеп, өнердің базарын қыздырған жандардың
жан-жақтылығын әлі де болса толық ашып көрсете алмай келеміз-ау деген ой маза бермейді.
Мақалада арқаның серілері Иманжүсіп, Мәди, Қанапиялар сияқты өзінің дара өнерімен даңқы
артып, ерекше мінезімен, батырлығымен ортасына құрметтеліп, қараниетті кейбіреулердің
кесірінен тағдырдың ащы дәмін татып, қуғынға ұшыраған, серілігімен тарихта аты қалған Сары
Батақұлының шығармашылық-өмірбаяны зерделенген. Сахара мәдениетінің өркендеуіне титтей
де болса септігін тигізген әнші-ақынның асыл мұрасын жаңғырту мақсат болды.
Түйін сөздер: сал, сері, Сары, өнер, мәдениет.