Қазақстанда Q-pop феноменінің қолданылуы: оның күшті тұсы мен мүмкіндігі туралы зерттеу
DOI:
https://doi.org/10.26577/10.26577/jpcp.2023.v.85.i3.05Аннотация
Аннотация: Бұл мақалада заманауи танымал қазақ музыкасындағы Q-pop бағытының мәдениет пен музыка индустриясына әсері туралы зерттеу жазылған. Зерттеу Q-pop-тың дамуын оның негізін қалаған Ninety One тобы құрылған сәттен бастап бақылайды. Одан бөлек Q-pop-тың Орталық Азия өңірлері мен олардың поп-мәдениетіне әсері, сондай-ақ Ресей нарығына шығуы қарастырылады. Зерттеуде Q-pop-тың өркендеу факторларын, оның жастар мәдениеті және ұлттық бірегейлікпен байланысын анықтауға SWOT-талдауы қолданылды. Зерттеу жергілікті музыканттарға халықаралық деңгейде танылуға және одан әрі өсуге мүмкіндік береді. Q-pop-тың әсері көршілес елдерге де тарады, оған Қырғызстанда KG-pop/Z-pop пен Ресейде бойз-бэндтердің (топ мүшелері - қазақтар) құрылуы дәлел. Зерттеу аталған мәдениеттің Қазақстандағы ұлттық бірегейлік пен музыка индустриясына әсерін түсінуге және оны кеңейту бойынша стратегиялық жоспарын анықтауға жауап іздейді. Зерттеу әдістемесіне Q-pop-тың мәдениет пен музыкаға әсері бойынша ішкі күш пен әлсіз жақтары, сыртқы мүмкіндіктері мен қаупін анықтауға SWOT-талдауын пайдаланады. Бұл тәсіл Q-pop-тың қазіргі жағдайы, әлеуеті, қиындықтары мен өсу стратегиялары туралы әрі олардың шешімін табуға ақпарат береді. Q-pop-тың мықты тұсына әртүрлі аудиторияға қол жеткізе алу, мәдени шынайылық пен жанкүйерлердің мәдени жақындығы бойынша эмоционалды байланыс жатады. Ал интеллектуал меншіктің қорғалуы, шектеулі инфрақұрылым мен бәсекелестіктің болмауы оны әлсіз етеді. Q-pop-та қазақ мәдениетін бүкіл әлемге таныту, бұрынғы КСРО-дан тыс нарықтарға шығу және K-pop стратегияларынан үлгі алу мүмкіндігі бар. Орталық Азиядағы жаңа жанрлардың пайда болуы, Ресейдің үстемдігі, геосаяси және саяси тұрақсыздық мәдениетке қауіп төндіреді. SWOT-талдауы Q-pop-тың әлеуеті мен мәселелерін анықтайды. Мәдениетке мүдделі тараптар оның әлсіз және қауіп-қатерін жойып, мықты тұстары мен мүмкіндіктерін пайдалана алады. Оңтүстік Кореяның танымал K-pop музыкасын мысалға ала отырып, Қазақстан өзінің жаһандық ықпалын күшейтуге Q-pop-ты жұмсақ күш ретінде дамыта алады. Q-pop-тың мықты тұстары мен мүмкіндігін пайдаланып, әлсіз жақтары мен қауіп-қатерлерін азайту арқылы Қазақстанда Q-pop-ты табысты мәдени экспорт ретінде танытуға мүмкіндік бар. Мақала соңында Қазақстанның жаһандық беделін, мәдени ықпалы мен экономикалық келешегін арттыруға жұмсақ күш стратегиясы ретінде Q-pop-тың өсуіне қолдау көрсете алатын мүдделі тараптарға ұсыныстар айтылған.
Кілт сөздер: Q-pop, Қазақстан, SWOT-талдауы, музыка индустриясы, жұмсақ күш, қазақша танымал ән.