Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақстанда ұлт құрылысы
DOI:
https://doi.org/10.26577/jpcp.2022.v79.i1.07Аннотация
Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан өзінің жаңа ұлттық мемлекеттің қалыптасуына ықпал ететін өз ресми тарихнамасын қайта құра бастады. Басқа посткеңестік елдер секілді Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары территорияны ұлттандыру немесе ұлттық территорияны қалыптастыру мәселесін қолға алды Өз мемлекеттілігін күшейткеннен кейін билік элитасы азаматтық бірегейлікті әлеуметтік және саяси қоғамның кепілі ретінде таңдағаны белгілі. Отандық және шетел зерттеушілердің пікірінше Қазақстанда азаматтық және этностық бірегейлік ұлт құрылысында қатар қолданылады. Мақалада тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында осы бірегейлік аясында Қазақстан қандай бағытты таңдағаны талданады. Зерттеу жұмысында қазақтар мемлекет құраушы негізгі этникалық ұлт екенін дәлелдеуі, Қазақстан жерінде ежелден қазақ этносы тұрғанын заңдастыру әрекеттері, мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақ этносының тарихы мен символын қолданысы сипатталады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылында осы этнобағытты таңдау себептері талқыланады. Зерттеу методологиясы ретінде отандық және шетел зерттеушілердің еңбектерін қарастыру, тарих оқулықтары, ұлттық мемлекеттік құжаттарды, бағдарламаларды салыстыра анализ жасау болды. Зерттеу нәтижесінде Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылында этнобағытты саясатын жүргізгені байқалды. Бұл саясат қазақ этносының ежелден бері осы аймақта мекен етіп келе жатқан халық екендігін дәлелдеуімен, тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап елдің саяси басшылығы жүргізген ұлттық саясатының негізгі мақсаты этникалық және азаматтық бірегейлік арасындағы тепе-теңдікті ұстап тұруымен көрініс тапты. Негізгі ұлт құрылысы бағытын мемлекет, билеуші саяси элита тікелей беріліп отырғаны көрінді. Жаңа Конституция қабылданған кезеңнен бастап, ұлт құрылысында қоғамның азаматтық және этникалық бірегейлігін қалыптастыру мәселелері айқындалғаны байқалды. Жұмыстың нәтижесінде алынған қорытындылар Қазақстандағы ұлт құрылысына байланысты ғылыми жұмыстардың жазылуына және оны әрі қарай зерттелуіне септігін тигізеді.
Түйін сөздер: Ұлт құрылысы, тарихнама, символ, этнос, бірегейлік