Діни рәміздер эволюциясының негізгі үрдістері
Аннотация
Мақала діни рәміздер эволюциясының негізгі үрдістерін қарастыруға арналған. Мақалада діни рәміздердің пайда болу, қалыптасу және даму кезеңдері көрсетіліп, олардың уақыт талабына сай өзгеріске ұшырауына ықпал еткен факторлар зерделенеді. Діни рәміздердің пайда болуы мен оның одан арғы эволюциясы тікелей діни сананың дамуымен байланысты екендігі бәрімізге белгілі. Зерттеулерге сүйенсек, діни сана екі деңгейде өмір сүреді және олар діннің даму кезеңдеріне сәйкес келеді. Алдымен, діни сана алғашқы қауымдық қоғам дәуірінде адамдардың табиғаттың тылсым күштері алдында дәрменсіздігі жағдайында діни образдар, түсініктер, сезімдер, ғұрыптар және т.б. түріндегі стихиялы көріністер ретіндегі қоғамдық психология деңгейінде пайда болса, одан кейін, алғашқы мемлекеттер пайда болып, қоғамдық қатынастар жүйесі қалыптасқан уақыттағы қоғамдық психология негізінде діни идеология, яғни діни түсініктер мен идеялар жүйесі ретінде пайда болды. Осыған сәйкес, діни рәміздер тарихи дәуірлердің ерекшеліктеріне, ол қоғамдарда халық бұқарасы ұстанған діннің сұраныстарына байланысты өзгеріп отырды. Сонымен, діни рәміздер эволюциясын және ондағы үрдістерді сараптай келе, діни рәміздер тарихи дәуірлердегі қоғамдық сананың сұраныстарына сәйкес өзгеріп отырды, оған мүдделі дін өкілдері де өз үлесін қосты деген қорытынды жасауға болады.
Түйін сөздер: дін, діни сана, миф, мифология, пред-символ, прасимвол, діни рәміз, рәмізделу, эволюция, трансформация.