Дінаралық қатынастар: мәні мен мазмұны
Аннотация
Мақалада дінаралық қатынастардың формалары мен қазіргі таңдағы көріністері жан-жақты зерттелген. Дінаралық қақтығыстар мен байланыстардың күрделі көріністеріне нақты талдау жасалып, анықтамалар берілген. Тарихы мен мәдениет жүйесіндегі көріністерін зерттей отырып, жалпы әлемдік тәжірбиемен салыстырмалы талдау жасалынған. Қоғамның түрлі саласындағы көріністеріне назар аударту арқылы түрлі шешімдерді талқылайды. Мемлекет аралық, конфессия аралық, әлемдік және экуменистік тәжірибелерді саралау арқылы аталмыш тақырыптың шешу жолдарын қарастырады және қазіргі таңдағы әлемдік аренада қандай маңызға ие екендігін көрсетеді. Көптеген дәстүрлі емес дін өкілдерінің өзге діндегі адамдарды қабылдауы, дәстүрлі діндердегі көрініспен салыстыра қарастырылып, локальды дінаралық қабылдау феномені түсіндіріледі. Дінаралық қақтығыстарды шешу маңыздылығы мен діни тұрақтылықтың күрделілігі туралы ғылыми негізделген көзқарастар ұсынылады. Мәдениеттердің кездесуі кезіндегі өзара ықпалдастығы нәтижесінде туындайтын дінаралық қатынастардың орын алуы мүмкін салдарлары талданады. Осы мәселеге байланысты Буддизм, Иудаизм, Христиандық, Ислам діндері ілімдеріндегі дінаралық қатынастар постулаттары талданған. Мәселен, дінаралық дискриминацияны, төзімсіздіктің күшеюі, толеранттылықтың жойылуы, бассыздық, агрессияның орын алуының алғышарттары қарастырылып алдын-алу жолдары ұсынылады.
Түйін сөздер: Дінаралық қатынастар, дінаралық қақтығыстар, дін және мәдениет,дінаралық қатынастар формалары, дінаралық тұрақтылық.