Амангелді Айталының «Ұлттану» тұжырымдамасы және Қазақстандағы ұлттық бірегейліктің сын-қатерлері
DOI:
https://doi.org/10.26577/jpcp4942025Аннотация
Адамзат мәдениетінің қазіргі жаһандану үдерісі, цифрлық мәдениеттің үстемдігі, мәдени әртүрлілік, ақпараттық ықпал жағдайында ұлттық бірегейлік мәселесі ерекше өзектілікке ие болуда. Ұлттық бірегейлікті сақтап, жаңғырту жолдарын теориялық тұрғыдан негіздеу – әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдардың басты міндеттерінің бірі. Қазақстан тәуелсіз ел болғанымен, ұлттық тұтастыққа елеулі қауіп төндіретін тарихи жадының әлсіреуі, тілдік ассимиляция, рухани құндылықтардың көмескіленуі сынды постколониялық мәселелерден әлі арылған жоқ.
Бұл тұрғыдан ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі Амангелді Айталының «Ұлттану» тұжырымдамасы маңызды орын алады. Бұл мақалада Амангелді Айталының ұлттық сана, тіл, тарихи жады және рухани қауіпсіздік жөніндегі идеялары ұлттық бірегейлікті қалыптастыру мен нығайтудың теориялық әрі практикалық негізі ретінде қарастырылады. Сонымен қатар, ғалым тұжырымдамасының мәдениеттанулық маңызы айқындалып, қазіргі сын-қатерлер контексінде олардың өміршеңдігі дәлелденеді. Ұлттық нигилизмнің алдын-алу, мәдени өзіндік ерекшелікті сақтау және ұлттық саясатты жетілдіру мәселелері де арнайы назарға алынды.
Мақаланың мақсаты – Амангелді Айталының «Ұлттану» тұжырымдамасы аясында ұлттық бірегейлікті сақтау мен нығайтудың теориялық және практикалық негіздерін талдау, сондай-ақ оның идеяларының қазіргі қоғамдағы өзектілігі мен қолданбалы маңызын көрсету.
Амангелді Айталының ұлттық сана туралы идеялары қазіргі Қазақстан қоғамында ұлттық бірегейлікті қалыптастыру мен сақтаудың теориялық және практикалық негізі ретінде қарастырылады. Оның зерттеулері ұлттық саясаттың дамуына ықпал етіп, Қазақстанның мәдени және рухани жаңғыру жолында маңызды бағыт-бағдар береді.
Түйін сөздер: ұлттану, ұлт құрылысы, этносаралық қатынастар, ұлттық бірегейлік, ұлттық сана








