Рене Жирардың іргелі антропологиясы және М. Әуезовтің «Абай Жолы» романындағы «Құрбандық Шалу Тұжырымдамасы»
DOI:
https://doi.org/10.26577/jpcp.2024.v90.i4.a2Аннотация
Мақала француз-американдық философ, антрополог, әлеуметтік философия мәселелерін зерттеуші, дәстүрлі типтегі мәдениет институттарының генезисі мен қызметін түсіндіретін «іргелі антропология» деп аталатын түбегейлі жаңа теориялық тәсілді жасаушы Рене Жирардың идеяларын талдауға арналған. Жирар теориясының әмбебаптығы – оны зерттеушілер ғылымның әртүрлі салаларында қолдана алуында. Рене Жирар архаикалық дәстүрлі мәдениеттерде қоғамның және жеке адам өмірінің барлық елеулі оқиғаларында маңызды рөл атқаратын құрбандық шалу құбылысына жаңа көзқараспен қарауды ұсынады. Басқа антропологтар архаикалық (көне) қоғамдарда құрбандық шалуды ең алдымен құдайлардың тыныштығына бағытталған ғұрып ретінде қарастырған болса, Жирар бұл ғұрыпты барлық мифтердің, тіпті бүкіл мәдениеттің генезисі мен құрылымының негізінде жатыр деп санайды. Жирардың мәдениет пен зомбылықтың өзара байланысы туралы ойлары, құрбандықты адамзат тарихындағы іргелі рәсім ретінде қарастыруын отандық көркем әдебиетке қатысты қолдансақ, әсіресе М.Әуезовтің «Абай жолы» шығармасына қатысты реактуализациялануы мүмкін. Патриархалдық-феодалдық қазақ қоғамын сипаттауға арналған қазақ прозашысының романында мифтік-ғұрыптық құрылымдар мен схемалар, құрбандық тәжірибелері мен формулалар үлкен рөл атқаратынын бүкіл роман хронотопынан байқауға болады. Құрбандық шалу мифологемасы, әсіресе, Қодар мен Қамқаның ұжымдық ар-намысты сақтау жолындағы өлім жазасында көрініс табады. Рене Жирардың философиялық-антропологиялық тұжырымдамасы құрбандық шалу рәсімінің әлеуметтік маңыздылығын және сол қауымның құрбандыққа деген моральдық-этикалық көзқарасын анықтауға мүмкіндік береді.
Түйін сөздер: әлеуметтік философия, Рене Жирардың іргелі антропологиясы, құрбандық мифологемасы, М. Әуезовтің «Абай жолы»