Философияның жаңа бағыты ретінде «цифрлық философияның» қалыптасуы
DOI:
https://doi.org/10.26577/10.26577/jpcp.2023.v.85.i3.04Аннотация
Цифрландыру мәселесі бүгінде ғылым мен қоғамның ерекше назарын аудартып отыр. Өйткені оның әлеуметтік институттарды дамытудағы, күнделікті өмірдегі жағдайларды ұйымдастырудағы және жеке тұлғаны әлеуметтендірудегі рөлі барған сайын айқын көрінеді. Философия да назардан тыс қалмай, цифрландыруды пайымдауға, оны түсінудің тұжырымдамалық негізін жасауға және оның әлеуметтік-гуманитарлық салдарын бағалауға өз үлесін қосуда.
Цифрландыруға байланысты қоғамдық даму мен технологиялық салада орын алған өзгерістер орасан зор ақпараттар ағымының туындауына себеп болды. Заманауи әлеуметтік философия бүгінгі таңда цифрлық бетбұрыс кезеңін бастан кешуде, бұл дегеніміз тек таным құралдарының ғана өзгеріске ұшырауы емес, қоғамның өз дамуындағы жаңа, цифрлық кезеңге өтуімен сипатталады. Цифрлық қоғамның жаңа моделін пайымдау оның қалыптасу тарихына үңілуді де қажет етеді.
Цифрлық технологияларды гуманитарлық ғылымдарда, оның ішінде, философияда қарапайым қолданудың өзі әдіснамалық және әдістемелік сипаттағы қиындықтарға ұласып қана қоймай, оның қолданылу саласын анықтаудың өзі де күрделі мәселеге айналды. XX ғасырдың ортасында компьютерлік технологияның дамуына және цифрлық революцияның пайда болуына байланысты философияның жаңа бағыты ретінде «цифрлық философия» қалыптаса бастады.
Мақалада философия және гуманитарлық ғылымдар, олардың цифрландыру дәуіріндегі қоғам мен мәдениеттегі орны мен рөлі туралы қарастырылады. Сондай-ақ, «цифрлық философия» ұғымының негізгі анықтамалары қарастырылып, зерттеу пәнінің ерекшеліктері мен әдіснамалары айқындалады.
Түйін сөздер: цифрлық философия, цифрландыру, цифрлық мәдениет, цифрлық гуманитаристика, гуманитарлық ғылымдар, Эдвард Фредкин, ақпараттық технологиялар