Түркі дәуіріндегі мемлекеттілік дәстүрі
DOI:
https://doi.org/10.26577/jpcp.2021.v78.i4.09Аннотация
Қазақ жеріндегі мемлекеттілік дәстүрінің бірнеше кезеңдік тарихы бар. Сақ, ғұн дәуірінен басталған мемлекеттілік дәстүрдің бір кезеңі түркі дәуірімен байланысты. Түркі дәуірі – Қазақстанның ортағасырлық кезеңінің бастауында тұрған тарихи кезең болып табылады. Түркі тайпаларының мемлекет болып ұйымдасуынан басталатын бұл тарихи кезең бірнеше ғасырға созылған үдеріс. Осы аралықта түркі тайпалары өзара ортақ белгілері басым түрлі мемлекеттер құра алып, аймақтағы көшбасшылық қызметтерін сәтті атқара алды.
Аталған мақалада автор түркі дәуіріндегі мемлекеттілік дәстүрінің қалыптасуының заңдылығы нақты көрсетіп, тың тұжырымдар жасайды. Атап айтқанда автор өз ойын ерте мемлекеттерге тән белгілерді атап өту арқылы түркі тайпаларының саяси институт болып орныққандығын айқындаған.
Сонымен қатар мақалада ерте замандағы мемлекеттерге тән белгілерді айқындай отырып, автор түркі дәуіріндегі мемлекеттіліктің басты сипаттарын дәлелді түрде тұжырымдай алған. Мақала барысында автор мәселеге қатысты негізгі зерттеу жұмыстарын толығымен қамтуға тырысады. Ерте ортағасырлардың өзінде құрылып бастаған түркі қағанаттары осы тарихи кезеңдегі көшпелілер қалыптастырған мемлекеттіліктің жарқын үлгісі болып табылады. Автор ғылымдағы еуроцентристтік көзқарастың бар екендігін алға тарта отырып, оның негізсіз екендігін дәл осы түркі дәуіріндегі мемлекеттілік дәстүр арқылы дәл тұжырымдайды.
Түйін сөздер: мемлекет, еуроцентризм, қаған, саясат, басқару, экономика, көшпелілік.