Абай және қазақ фәлсафасы
DOI:
https://doi.org/10.26577/jpcp.2021.v76.i2.03Аннотация
Егемен ел болғанымызға 30 жыл. Осы аралықта Қазақ фәлсафасының әлеуеті, бүгінгі жағдайы қандай деген сұрақ туындауы заңдылық. Әрине, философия саласында көптеген зерттеулер, монографиялар, ғылыми жобалар жазылып, жарияланып жатқаны белгілі. Ұстаздар шәкірт тәрбиелеп, диплом, магистрлік жұмыс, докторлық диссертациялар қорғалуда. Дегенмен, Қазақ фәлсафасының көтеріп жүрген мәселелері, идеялары қаншалықты заман талабына сай, студенттердің қызығушылығын тудыра алды ма? Елімізде жүзеге асырылып жатқан Мәңгілік Ел идеясы, Рухани Жаңғыру бағдарламасымен үйлесім тапқан ба? Әлемдік философия кеңістігінде өзіндік дара жолын сала алды ма деген сұрақтар әркімді толғандыратындығы анық. Міне, бізде осы бағытта ой толғатып, өзіміздің ойымызды ортаға салуды ұйғардық.
Хакім Абайдың 175 жылдығына орай Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөзде жарияланған көлемді екі мақаласы көпшіліктің назарын аудартты. Онда, «Абай – ұлттық брендке айналу керек» - десе, екінші мақаласында «Абай – рухани реформатор» - деп лайықты бағасын берді. Сондықтанда, қазіргі Рухани Жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыруда Хакім Абайдың дүниетанымы, қарасөздерінің астарындағы терең ойларға мән беру аса маңызды. Мемлекет Басшысының «Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиеті-өнегесі XXI ғасырдағы жаңа қазақстанды осындай биіктерге жетелейді» деген сөзінің астарына үңіліп, Хакім Абайдың даналығын түсінуге талпыныс жасалды.
Түйін сөздер: Қазақ фәлсафасы, Хакім Абай, Мәңгілік ел, Рухани Жаңғыру, құндылық, идея, экзистенциализм.