Дәстүрден тыс ағымдар: діни ұстанымдық ерекшеліктер
Аннотация
XX ғасырдың 90-жылдары қоғам өмірінің барлық салаларында терең, түбегейлі өзгерістер орын алды. Бұл қоғамның рухани саласындағы, соның ішінде дін мен діни мəдениетке де терең өзгерістер алып келді. Әлеуметтік-мəдени жəне саяси дамудың жаңа жағдайларының қалыптасуы, идеологиялық саладағы өзгерістер, ұлттық сана-сезімнің өсуі жəне қоғам өмірінде рухани ұлттық құндылықтардың рөлінің өсуі қоғамдық-саяси өмірдегі діннің рөлін айқындайтын факторлар. Діни жаңғыру постатеистік елдерге тəн. Өйткені ұзақ жылдар бойы ұлттық жəне рухани құндылықтарынан ажыраған елдер өзінің арғы тегінде өрнектелген тамырларына қайта оралуды мақсат көретіні даусыз. Діни өрлеу үдерісі бұрынғы кеңестік елдер үшін тəн құбылыс болып отыр. Діни сананың жаңғыруы дəстүрлі діни бірлестіктердің позицияларының күшеюімен бірге қазіргі Қазақстан үшін беймəлім, жаңа дəстүрден тыс діни ұйымдардың пайда болуымен ерекшеленеді. Бұл мақаланың мақсаты Қазақстандағы ислами ағымдардың діни ілімдерінің ерекшеліктерін айқындау жəне дəстүрден тыс ағымдардың ұстанымдарын ашып көрсету, бұл ағымдардың ұлттық бірегейлікке тигізетін ықпал-əсерін айқындау болып табылады. Дін алауыздықтың емес, бірлік пен ынтымақтың негізі болуы керек. Жаңа қабылданған «Діни қызмет жəне діни бірлестіктер» туралы заң діни саладағы мемлекеттік саясаттың пəрменділігін арттырып, зайырлылық қағидатын айқындай түседі деп ойлаймыз. Еліміздің орталық, шығыс жəне батыс аймақтарында дінтану мамандықтарын даярлайтын оқу орындарын ашу арқылы кадр тапшылығын шешуге болар еді.Діни оқу орындарында оқитын жастарға дін жəне қоғам, дін жəне құқық, дін жəне ұлттық руханият жəне зайырлы мораль негіздері сынды пəндерді жүйелі түрде оқыту қажет. Дінге құштар жастарды, ең алдымен, ұлттық рух пен зайырлы мемлекеттік негізде тəрбиелеп, исламдағы көркем мінезділік жəне адамгершілік құндылықтарға баулып,отанды сүю, қоғам мен адамды құрметтеу сынды ұстанымды санасына сіңіру керек. Діни уағызбен айналысатындарға арнайы куəлік берген жөн. Діндар жастарды, ең алдымен, діни этикалық өмір салт пен əдепке үйретіп,біртіндеп дін негіздерін оқыту қажет. Моноқалаларда жастарға кəсіби бағдар беру жəне мəдени-спорттық кешендер жұмысын жетілдіруге мəн беру қажет. Түйін сөздер: төзімділік, ұлттық бірегейлік, ұлттық рух, діни жаңғыру, діндарлық, дəстүрлі діндер, дəстүрден тыс діндер, ислам құндылықтары, діндераралық диалог, рухани қауіпсіздік, ұлттық дəстүрлер.