Шыңғысхан: тәңірлік сенім мен толеранттылық

Авторлар

  • С. Шамахай Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
  • Ғ. Есім Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
        360 283

Аннотация

Мақалада көшпенділердің сонау шумерлер заманынан бері сабақтасып келе жатқан мыңдаған жылдар тарихы бар Тәңірлік дінінің ХІІІ ғасырдағы ахуалы мен Шыңғысхан ықпалымен Мәңгі Аспан (Тәңірі) ретінде даму ерекшелігі, оның жасаған діни-философиялық тұжырымы, дінге деген толерантты қатынасы жайлы талданады.
Шыңғыс хан заманында моңғолдардың тәңірлік нанымына өзгерістер енгізілді. Мәселен, тәңірлік дінінде жұмақ пен тозақ ұғымдары болмады. Алайда олардың сауап жинауға талпынысы тек Шыңғыс ханның арнайы шақыртуымен келген Әулие Чан Чунның үгіттеуімен құдайлық іліммен байланысты туындады. Бұл кезеңде моңғолдардың діни көзқарасы өзінің биік шыңына жетіп, мәңгі аспанның монотеистік сенімін құрды. Шыңғыс хан тәңірлікті негізге ала отырып, Мәңгі Аспан (Тәңір) идеясын теория дәрежесінде қорытып, қолдана білді. Ол Көкте – Мәңгі Аспан (Тәңірі), Жерде – Қаған қағидасын қалыптастырды. Қағида бойынша Аспан (Тәңір) әлемдегі шексіз ерік, биліктің жалғыз Құдайы. Ол өзінің шапағатымен Қағанды қолдайды. Қаған тәңір атынан билік етіп, аспан жарлығын жер бетіне жүзеге асыруға міндетті. Қаған өз парасатының, харизмасының көмегімен аспан қалауына, шапағатына бөлене алады. Жоғарыда бір аспан тәңірі болса, жерде бір ғана қаған болуға тиіс. Яғни, моңғол ханы «Күн шығыстан күн батысқа дейінгі аспан астындағы барша елді басқаруға тиіс» – еді.
Сонымен қатар, Шыңғысхан діни толеранттылықты ұстанды. Ол либералды заң нормаларын қалыптастырды. «Барлық діндер бірдей құрметке лайық, бірақ олардың бірде-бірі үстемдік ете алмайды» деген талап болды. Бұл талап Шыңғыс хан дүниеден өткен соң да, ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасып, жалғасын тапты. Шыңғыс ханның кіші ұлы Толуйдың жұбайы ақын, мемлекеттің ірі саясаткері Сорқақтани бегім, Мөңке хан бұл ережені өз өмірінің қағидасы етеді.
Мақалада Шыңғыс ханның тұжырымдары мен қағидаларын дәлелдеу үшін дереккөздер ретінде «Моңғолдың құпия шежіресі» атты тарихи шығармасы, Рашид ад диннің «Жамиғат ат тауарихы», Әбілғазы ханның «Түрік шежіресі», Шығыс және Батыс елдерінен Шыңғыс ханның арнайы шақыртуымен келген, оның көзі тірісінде кездесіп, жүздескен және кейінгі тақ мұрагерлерімен тікелей қарым-қатынаста болған әулие, ойшыл, қайраткер, саяхатшылардың (даостық монах Чан Чун, Елуй Чуцай, Пэн Дай мен Сюй Тин, монах Джовани дель Плано Карпини, елші Гильом де Рубрук, венециялық көпес Марко Поло) жол жазбалары алынды. Мақаланың мақсаты тәңірлік діннің Шыңғыс хан заманындағы дамуы мен өзгерісі, Шыңғыс ханның діни ұстанымы, сабақтастығы туралы деректер бойынша компаративистикалық, мәдени-философиялық талдау жасау. Талдау барысында Мәңгі Аспан (Тәңір) сеніміне қатысты тың ойлар мен пікірлер ұсынылды.
Тақырыпты талдау барысында гуманитарлық және философиялық білімдерде кеңінен қолданылатын, тарихилық пен логикалықтың өзара байланысы, тарихи-компаративистикалық, абстрактылықтан нақтылыққа өту, жалпыдан жекеге өту, герменевтика іспетті тәсілдердің бірлігі қамтылады.
Түйін сөздер: Шыңғысхан, тәңірлік, шаманизм, «Мәңгі Аспан», дін, толеранттылық.

Жүктелулер

Как цитировать

Шамахай, С., & Есім, Ғ. (2018). Шыңғысхан: тәңірлік сенім мен толеранттылық. ҚазҰУ хабаршысы. Философия, саясаттану және Мәдениеттану, 65(3), 53–66. вилучено із https://bulletin-philospolit.kaznu.kz/index.php/1-pol/article/view/697