Тәуелсіз өмір философиясы жағдайында Қазақстан Республикасындағы инклюзивті білім беруді талдау
DOI:
https://doi.org/10.26577/jpcp.2023.v.86.i4.03Аннотация
Тәуелсіз өмір сүру философиясы біздің өміріміздің әртүрлі салаларына еніп жатқан заманауи қоғамдық пікірталастардың маңызды және негізгі мәселесі болып табылады. Бұл тек принциптер мен идеялардың жиынтығы ғана емес, сонымен қатар физикалық, психологиялық немесе когнитивтік ерекшеліктеріне байланыссыз әрбір адамға қолжетімді болуы тиіс негізгі құқықтар мен құндылықтардың көрінісі.
Тәуелсіз өмір сүру философиясы инклюзивті көзқарасқа негізделген. Инклюзия ұлтына, физикалық немесе ақыл-ой қабілеттеріне, әлеуметтік тегіне қарамастан, әрбір адам өзін маңызды сезінетін, толық интеграцияланған және тең мүмкіндіктерге ие қоғамды білдіреді.
Инклюзивтілік тұжырымдамасын жүзеге асырудағы негізгі және іргелі қағидалардың бірі – білім берудің қолжетімділігі мен теңдігі. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар тұлғаларды білім беру жүйесіне интеграциялау міндеті мүмкіндігі шектеулі адамдардың мәселелері туралы жаһандық диалогта жетекші орындардың бірін алатыны сөзсіз. Олар бетпе-бет келетін әлеуметтік кедергілерді еңсеру үшін пандустар, мамандандырылған жабдықтар және арнайы даярланған қызметкерлер сияқты физикалық бейімделулер ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік көзқарастардың өзгеруі де қажет. Бұл жай ғана қайырымдылық көмек емес, олардың құқықтарын қорғау мәселесі. Бұл құқықтарды жүзеге асыру үшін мемлекет пен қоғам тарапынан тиісті заңнамаларды қабылдауда, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуда, қоғамды ақпараттандыруда және т.б. көрініс тапқан жан-жақты қолдау қажет. Дегенмен, әлемдік ғылыми қоғамдастықтың бұл мәселеге кеңінен қызығушылық танытуына және қамтылуына қарамастан әртүрлі елдердегі зерттеулер деңгейі мен сапасында айтарлықтай айырмашылықтар бар. Қазақстандағы инклюзивті білім берудің жағдайын бағалау мақсатында авторлар отандық ғалымдар жүргізген заманауи ғылыми зерттеулерге кешенді шолу мен талдау жасайды.
Түйін сөздер: ерекше білім беру қажеттіліктері, инклюзивтілік, денсаулықтың шектеулі мүмкіндіктері, білім беру, оқыту, тәуелсіз өмір сүру, философия.