Өркениеттер тоғысындағы қазақ халқының дәстүрлі құндылықтары және инновация
Кілт сөздер:
Шығыс пен Батыс, мәдениет, құндылық, салт-дәстүр, бірегейлілік, өркениет.Аңдатпа
Құндылықтарды зерттеудің өзі олардың таныммен және ғылыммен, әсіресе әлеуметтік-гуманитарлық ғылыммен арақатынасы мәселесін қояды. Әлеуметтік таным құндылықтармен, дүниетанымдық компоненттермен үнемі ажырамас тығыз байланыста болады. Сол теориялық тұжырымдардың эмпирикалық мысалын қазақ халқының мәдениетінен көруге болады. ХХ ғасыр ақпарлар мен хабарлардың (информация), деректер мен байланыстардың барынша кең қанат жайған заманы. Жер шарының барлық түпкіріне жаңалық бір тәуліктің (тіпті одан да тезірек) ішінде тарайды. Сөйтіп, ең қымбат дүние (нағыз капитал) ақпарат, яғни информация болып тұр. Шығыс «батыстануда», Батыс «шығыстануда»! Бүгінгі күні жаңа әлемдік тәртіп қалыптастырудың жолдары іздестірілуде. Ол үшін жалпылама мәдени-философиялық деңгейде тиімді сұхбат жүргізудің және Батыс пен Шығыстың, Азия мен Еуропаның өзара өркениеттік ықпалдастығының тиімді үлгісін жасау қажет. Ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі Қазақстанда қалыптасқан гуманизм, төзімділік (толеранттық), ынтымақтастық, этносаралық және рухани келісім, тұрақтылық, сенім, халықтың демократиялық әдет-ғұрпы, сөз бостандығы сияқты құндылықтар өркениеттер сұхбатында болашақта іске асатын іс-шаралардың негізі болмақ.







