Әл- Матуриди ілімінде иман
Аңдатпа
Имам әл-Матуриди сунниттік бағыттағы екі ірі теологиялық мектептің бірі – матуридиліктің құрушысы. Ол Әбу Ханифаның теологиялық көзқарастарын одан ары дамытып, Орта Азияда сунниттік исламның терең тамыр жаюын қамтамасыз етті. Әл-Матуридидің иман түсініктемесі діни сенімнің негізі жүрекпен мойындау деген ұстанымымен өрбітілген. Ол осы ұстанымымен иманды амалдың ішіндегі бір бөлімі деп санаған мутазилиттерге, харижилерге, иманды тек тілмен жариялау деп түсінген каррамияға және имандылықты білім деп білген Жахмияға қарсы шықты. Өйткені құдайға деген сенімді білумен немесе тілмен жариялай салумен нағыз діндарлық жүзеге аспайды. Нағыз діндарлыққа шынайылық пен ықылас қажет. Ал шынайылық пен ықылас – жүректің ісі. Демек, шын жүрекпен сену, ішкі жан дүниемен мақұлдау арқылы ғана имандылық толыққанды болмақ. Алайда, жүректегі имандылықты сыртқа мәлімдеуге тіл қосымша шарт. Ал білім иманның одан ары қуаттануына, ақиқатты аңғаруға қажет дүние. Осы жағынан ойшыл ақыл мен білімнің маңыздылығын мойындады. Әл-Матуриди құдайға деген сенім амалмен өлшенбейтінін, істеген амалдарға қарай имандылық артпайтынын да ортаға қойды. Өйткені, имандылық санмен өлшенетін зат емес. Сондықтан құдайға сенген адамның иманы бірдей деп есептеді. Ойшылдың ілімінде иман кейіннен жаралған. Себебі, құдайға сену де, оның ұлылығын іштеу мақұлдау да – адам әрекеті. Ал адам әрекетінің жаралғандығына ешкім күмән келтіре алмайтыны анық. Сондықтан адам өзінің жүрегіндегі иманына сенімді болып, «мен мүмінмін» деп мойындауы тиіс.
Түйін сөздер: әл-Матуриди, иман, тасдиқ, иқрар, истисна, қалб, марифат, Құран, мутазила, хашуия, мазхаб, харижи.







