Қазақстандағы шетелдік драматургияның экрандық адаптациясы: мағыналар трансформациясы және мәдени бірегейлікті іздеу
DOI:
https://doi.org/10.26577/jpcp97320269Аңдатпа
Мақалада шетелдік драматургияның Қазақстан кинематографындағы экрандық адаптация тетіктері мәдени бірегейлікті іздеу және әмбебап мағыналарды реконтекстуализациялау құралы ретінде қарастырылады. Зерттеу материалы ретінде әзербайжан драматургі Исмаил Иманның «Астара бақтары немесе Цитрусты теракт» пьесасы, тәуелсіз «Şam» театрының «№37» спектаклі және режиссер Жандос Айбасовтың осы аттас көркем фильмі алынды. Мағыналар трансформациясы алты өзара байланысты бағыт бойынша талданады: ономастикалық бейімдеу, тілдік саясат, әйел бейнесін «ұят» концептісі арқылы репрезентациялау, отбасы институтын қайта пайымдау, геосакралды контекстегі Балқаш көлінің метафорасы және ұлттық рәсімдердің жаһандану ықпалымен өзгеруі. Зерттеу әдіснамасы компаративтік, герменевтикалық және кросс-мәдени талдау тәсілдерін біріктіреді.
Зерттеу нәтижелері пьесаның әмбебап драматургиялық өзегі сақталғанымен, кейіпкер есімдері, тіл, мінез-құлық үлгілері, кеңістік символдары және рәсімдік формалар қазақстандық экран кеңістігінде жаңа мәдени мағына иеленетінін көрсетті. Кинонұсқада ашық саяси экспрессия бәсеңдеп, отбасы жарақаты, жады және жауапкершілік мәселелері алдыңғы қатарға шығады. Зерттеудің ғылыми жаңалығы шетелдік мәтінді ұлттық кинокеңістікке бейімдеудің алты стратегиясын жүйелеуінде және экрандық адаптацияны деколониялық рефлексия мен қазіргі қазақстандық бірегейлікті құрастыру тетігі ретінде түсіндіруінде. Практикалық маңызы ұсынылған үлгіні шетелдік драматургиялық шығармаларды отандық театр мен киноға бейімдеу барысында қолдану мүмкіндігімен айқындалады.
Түйін сөздер: қазақстандық кино, экрандық адаптация, шетелдік драматургия, мәдени бірегейлік, реконтекстуализация.
