Атлах шайқасы және оның Сырдарияның орта ағысы аймағына маңызы
Аңдатпа
Бұл мақалада 751 жылдың шілде айында қазіргі Тараз қаласына жақын жердегі Атлах елді-мекенінде орын алған шайқас қарастырылады. Тарихта «Атлах Соғысы» деген атпен қалған шайқастың Сырдарияның орта ағысында орналасқан аймаққа тигізген саяси әсері зор. Бұл соғыста алғаш рет түркілер мен арабтар иық-иыққа ортақ дұшпандары қытайларға қарсы соғысып, үлкен жеңіске жетті. Осының арқасында екі ұлттың арасындағы саяси және мәдени интеграция күшейе түсті. «Атлах» – әлемдік мәдениет тарихы жағынан да аса маңызға ие. Себебі осы шайқаста қолға түскен Қытайдың қағаз ұсталары мұсылмандар үшін таптырмас олжа болды. Ұсталардың білімі мен нұсқаулары арқасында мұсылмандар алғаш рет Самарқанд қаласында қағаз фабрикасын құра білді. Тағы бір тілге тиек етілетін жәйт, аталмыш қағаз жасау өнері бірнеше ғасырдан кейін Андалусиядан (қазіргі Испания) мұсылмандар арқылы Еуропа елдеріне өтті. Жалпы айтқанда Атлах соғысы қазіргі қазақ халқы һәм бүкіл түркі қауымдары үшін маңызды бір оқиға болып саналады. Өйткені бұл шайқаста олардың болашағы шешілген болатын. Дегенмен қазіргі таңдағы көптеген тарихшылардың бұл маңызды шайқас жайында сөз қозғап жүргеніне қарамастан, оқиғаның жалпы детальдары мен оның әкелген нәтижелері тиісті деңгейде қарастырылмай отыр деуге болады. Бұл мақалада автор классикалық араб дереккөздері мен осы саладағы өзге де салмақты еңбектерді пайдалана отырып, оқиғаны бастан-аяқ тереңірек зерделейді. Сондай-ақ аталмыш оқиғаның әкелген нәтижелеріне, одан кейін жолы ашылған Аббасилер мен түркілер арасында құл саудасы тілге тиек етіледі.
Түйін сөздер: Атлах, мұсылмандар, Сырдария, Аббасилер, соғыс, түркілер, арабтар, құл, мәдениет, қытайлықтар, қарлұқтар, халифа.
