Мухаммед бин Абдулуаххабтың көзқарастарындағы тәкфирлік идеяның алғышарттары(Күмәндарды әшкерелеу (Кәшф әш-шубухат) трактатының негізінде)
Аңдатпа
Мақалада 18 ғасырда Араб түбегінде өмір сүрген Мухаммед бин Абдулуаххабтың діни көзқарастары Кәшф әш-Шубухат трактатының негізінде діни-мәтіндік және рационалдық- логикалық тәсілмен сыналады. Автордың көзқарастары мен Ибн Тәймияның тәлімінің арасындағы ұсқастыққа тоқталады. Ибн Абдулуаххабтың тәліміндегі тәкфирлік идеяның алғышарттары мен негіздемелері анықталып, талданады. Оқырманға өз тәлімін жеткізудегі агрессиялық тәсілдері нақтылап көрсетіледі. Трактаттың мәтіндері арқылы оның жазылуының басты мақсатын түсіндіруге әрекет жасалады. Ибн Абдулуаххабтың өзімен келіспеген мұсылмандардың барлығын, атап айтқанда, сопылық тәлімнің ерушілерін күпірлікпен немесе Аллаға серік қосушылықпен ашық айыптайтыны дәлелденеді. Тек айыптау ғана емес, өзінің ерушісін олардың қанын төгуге үндейтіні айтылады. Трактат мәтіндерінің мазмұны мен мақсатына қатысты сыни пікірлер ислам шариғатының негіздері мен ғұламалар қойған қағидаларға негіздеу арқылы беріледі. Мақала арқылы трактаттың және Ибн Абдулуаххабтың тәлімінің қарапайым мұсылмандардың сауаты жете бермейтін қауіпті аспектілері ашылады деп айтуға болады.
Түйін сөздер: Пайғамбар, күпірлік/куфр, тәкфир, такфиризм, ислам діні, шариғат, Құран, хадис, иман, кәпір/кафир, Мухаммед бин Абдулуаххаб, мұсылмандар, Нәжід өлкесі, Күмәндарды әшкерелеу, тәуәссул, истиғаса, серік қосу, шапағат
