Мұхаммед Хайдар Дулатидің философиялық дүниетанымындағы түркі өркениетінің мәдени-тарихи құндылықтары
Аңдатпа
Бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына ену мақсатында Қазақстан мемлекеті де қоғамдық-саяси даму мен экономикалық өрлеудің, рухани ойлаудың жаңаша көкжиегіне көз тігуде. Осы тұрғыда, бірқатар өзекті рухани-әлеуметтік мәселелерді шешуде ұлы философ, ғұлама тарихшы, жан-жақты парасаттылық пен кемел білім иесі М.Х. Дулати дүниетанымындағы мәдени-тарихи құндылықтарды зерделеудің маңызы ерекше екені даусыз. Мақалада түркі өркениетінің ұлы тұлғасы М.Х. Дулатидің философиялық ой-тұжырымдарының қазақ ұлттық философия тарихындағы рөлі қарастырылады. Аталған мақалада М.Х. Дулатидің философиялық идеялары, тұжырымдарының жаһандану жағдайындағы күрделеніп кеткен өскелең ұрпақ тәрбиесінде ғана емес, тәуелсіз рухтағы халқымыздың өмір-тіршілігін, әлеуметтік-рухани болмысын жан-жақты зерттеуге мүмкіндік беретіндігі дәйектеледі. Сонымен қатар, философия тарихының негізін салушы ретінде ғұлама ойшылдың ой-идеялары бүгінгі қазақ философиясының да қалыптасып, дамуына арқау болғандығын анықтап көрсетеді. Ұлы тұлға еңбегіндегі ел билеу ісі мен ел басқарушыға қатысты қасиеттерді санамалап, оның тәуелсіз еліміздің баянды болашағы үшін маңызын талдауға ұмтылуы да мақала мазмұнын тереңдете түседі. М.Х. Дулати шығармашылығындағы дін мәселесі де өзектілігімен құнды. Өйткені, бүгінгі діни ахуал күн өткен сайын күрделеніп, мемлекет дамуына, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз әсерін тигізуде.
Түйін сөздер: Түркі өркениеті, М.Х. Дулати, Тарихи Рашиди, қазақ философиясы.
