Әбу насыр әл-фараби философиясындағы таухид және құдайлық сипаттар тұжырымдамасы
DOI:
https://doi.org/10.26577/jpcp97320261Аңдатпа
Бұл мақалада исламтану аясында «Екінші ұстаз» ретінде танылған ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық мұрасындағы таухид тұжырымдамасы қарастырылады. Әл-Фараби философиясының негізгі идеяларының бірі дін мен философияны үйлестіру екендігі талданады. Осы мақсатқа ұмтыла отырып, ойшыл ислам сенімінің негізгі қағидаларынан алшақтамай, философияның іргелі принциптеріне сүйенген жаңа ойлау үлгісін қалыптастыруға талпынды. Осы интеллектуалдық ізденістер барысында «Екінші ұстаз» деген атаққа ие болған әл-Фараби Аристотельдің идеяларын түсіндіруге ден қойып, ежелгі грек философиясын исламдық интеллектуалдық дәстүрдің доктриналық негіздерімен үйлестіре білді және сол арқылы адамзатқа терең философиялық мұра қалдырды.
Мақалада философиялық және теологиялық талдау әдістері, мәтіндік талдау, сондай-ақ философтар мен дін ғұламаларының көзқарастарын салыстырмалы түрде зерттеу тәсілі қолданылады. Сонымен қатар әл-Фарабидің судур (эманация) теориясына қысқаша шолу жасалады.
Әл-Фарабидің ойлау жүйесінде ислам сенімінің өзегін құрайтын құдайлық бірлік (таухид) қағидасы философиялық тұрғыдан қайта пайымдалады. Құдайлық сипаттарды түсіндіру негізінде ол классикалық ислам ойындағы сипаттарды заттық (зати) және субути сипаттар деп ажырату құдайлық болмысты ұғынуға белгілі бір концептуалдық шектеулер қоюы мүмкін деген тұжырымға келеді. Осыған байланысты әл-Фараби құдайлық сипаттарды Құдайдың мәніне іштей тән қасиеттер ретінде қарастырады. Сондықтан ол сипаттарды мән мен сипаттың қатаң бөлінуі арқылы емес, болмыс пен мағынаның бірлігі тұрғысынан түсіндіреді. Оның көзқарасы бойынша, Құдайдың бірлігі бүкіл ғаламның онтологиялық себебі болып табылады, ал осы бірліктен туындайтын көптүрлілік сол бірліктің өзін айғақтайтын дәлел ретінде көрініс табады.
Түйін сөздер: әл-Фараби, таухид, дін, философия, судур, эманация, он интеллект.
