Елбасының «Қазақ елі» идеясы – егеменді елдіктің баяндылығы
Аңдатпа
Мақалада Қазақстанның тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Н.Ə. Назарбаевтың көп ұлтты республика халқын біріктіріп, біртұтас Қазақ еліне айналдыруға бағытталған табанды қызметі, жүргізіп отырған салиқалы саясаты талданады. Қазақстандағы «Қазақ елі» саяси идеясының қалыптасуы мен дамуы, оның жүзеге асуының толық кешені елдің əлеуметтік-экономикалық, этнодемографиялық, лингвистикалық жəне конфессиялық өлшемдерімен сараланады. Қазақстан Конституциясында азаматтардың еркін өмір сүруіне, жетілуіне ешқандай шектеу қойылмай, дініне, нəсіліне қарамастан барлық адамдарға тең құқықтар берілген. Бұл, өз кезегінде, саяси жəне жалпы ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етуде басты рөл атқарады, барлық Қазақстан азаматтарының мемлекетімізді өркендету, көркейту мақсатында бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып қызмет етулері үшін жағдай жасалғандығының айқын дəлелі. Жоғарыда аталған маңызды мəселелер осы мақаладағы саясаттанулық талдауға арқау болған. Түйінді сөздер: елбасы, Қазақстан халқы, ұлт саясаты, этносаралық татулық, ұлттық даму.
