Наурыз мейрамындағы жаңару және мәдени сабақтастық концепті: түркілік дүниетаным контексіндегі философиялық-мәдениеттанулық талдау
DOI:
https://doi.org/10.26577/jpcp97320265Аңдатпа
Наурыз мейрамы түркі халықтарының табиғат, уақыт және адам арасындағы байланысты түсіндіретін дәстүрлі дүниетанымының маңызды көріністерінің бірі. Мерекенің тарихи қалыптасуы мен этномәдени сипаты әр кезеңде зерттелгенімен, оның түркілік дүниетанымдағы философиялық мазмұны мен мәдени негіздері әлі де тереңірек пайымдауды қажет етеді. Осы мақалада Наурыз түркі халықтарының рухани құндылықтары, мәдени сабақтастығы және дүниені қабылдау тәжірибесі тоғысатын мәдени феномен ретінде қарастырылады.
Зерттеудің мақсаты – Наурыздың түркілік моделін философиялық және мәдениеттанулық тұрғыдан талдап, оның түркі дүниетанымындағы орнын және қазіргі мәдени кеңістіктегі мәнін ашу. Осы мақсатқа жету үшін тарихи-салыстырмалы, компаративистік, герменевтикалық және мәдениеттанулық талдау әдістері қолданылды. Зерттеу барысында түркі және иран халықтарының тарихи-мәдени деректері, фольклорлық мұрасы, этнографиялық материалдары мен ғылыми еңбектері өзара салыстырыла қарастырылды. Талдау нәтижесі Наурыздың табиғаттың маусымдық жаңаруын ғана білдіретін мереке емес екенін көрсетеді. Оның мазмұнында табиғат пен адам арасындағы үйлесім, уақыттың циклдік сипаты, қауымдық бірлік, жаңару және ұрпақтар арасындағы мәдени сабақтастық идеялары өзара тоғысады. Осы қырынан алғанда, Наурыз түркілік дүниетанымда өткен мен бүгінді жалғастыратын мәдени жадының бір формасы ретінде көрінеді. Сонымен бірге мерекенің қазіргі қоғамдағы мазмұны ұлттық бірегейлік пен мәдени тұтастықты сақтаудың жаңа тәсілдерімен ұштасып отыр.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы Наурызды тек этнографиялық немесе дәстүрлі мереке ретінде емес, түркі дүниетаымының құндылықтық құрылымын танытатын мәдени-философиялық феномен ретінде қарастырудан көрінеді. Бұл тәсіл Наурыздың дәстүр, мәдени жады, ұлттық бірегейлік және түркілік дүниетаным арасындағы байланыстарды тереңірек түсіндіруге мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижелері мәдениет философиясы, мәдениеттану және түркітану бағыттарындағы Наурыз феноменін зерделеуге теориялық негіз бола алады.
Түйін сөздер: Наурыз, түркі дүниетанымы, мәдениет философиясы, мәдениеттану, мәдени мұра, дәстүрлі мерекелер, ұлттық бірегейлік, мәдени код, рухани құндылықтар, түркі өркениеті.
